Өткен жылы Алматы жер қатынастары басқармасы мемлекет мұқтажы үшін әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру мақсатында 222 жер телімін тартып алған. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
"Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық, Бостандық ауданында жайлы мектеп салу Әуезов ауданы Қуаныш шағын ауданындағы № 18 емхана, Абай-Тұрғыт Өзал даңғылын абаттандыру және көгалдандыру, Бостандық ауданындағы "Молодежный" саябағын салу, Алатау ауданы Мұхитдинов көшесіндегі балабақша, Түрксіб ауданы Әлмерек шағын ауданындағы отбасылық-дәрігерлік амбулатория, балабақша және тағы басқа жобалар бойынша сатып алу аяқталды", - деп түсіндірді қалалық әкімдікте.
Жалпы, 2023 жылы мегаполисте жер комиссиясының төрт отырысы өтіп, онда 2818 өтініш қаралып, Алматы әкімдігінің 1478 жеке және 2448 заңды тұлғаға қатысты 516 оң қаулысы қабылданған болатын.
Қазіргі таңда, қаланың жер көлемі 68,3 мың гектарды құрайды.