Аталған қорлардың құрамында 1860-2025 жылдар аралығын қамтитын 1342 975 сақтау бірлігі бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев осылай мәлімдеді. 2025 жылы мемлекеттік сақтауға әртүрлі тасымалдағыштардағы 22 514 сақтау бірлігі қабылданды. Бұл архив қорларының жүйелі түрде толықтырылып, құжаттық массивтің тұрақты өсіп отырғанын көрсетеді.
"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Алматы қаласының Мемлекеттік архивінде архивтік құжаттарды цифрландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
"2023-2025 жылдар аралығында архивтік материалдарды цифрлық форматқа көшіру көрсеткіштерінің өсуі техникалық базаның кезең-кезеңімен жаңартылуы және заманауи кеңсе техникасының сатып алынуымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, 2023 жылы архивтік құжаттарды цифрландыру көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3 пайызға артты", – деп атап өтті басқарма басшысы Данияр Әлиев.
2025 жыл архив үшін ерекше маңызға ие болды. Осы жылы архивке планетарлық және автоматтандырылған кітап сканерлері сатып алынды. Бұл құжаттарға зақым келтірмей, ұқыпты әрі қауіпсіз түрде цифрландыруға мүмкіндік берді.
Аталған жабдықтар стандартты емес материалдарды (сызбалар, карталар, схемалар), сондай-ақ физикалық тұрғыдан әлсіреген құжаттарды (калька, крафт-қағаз, винтажды тасымалдағыштар) цифрландыруда кеңінен қолданылып жүр.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша архивте 146529 іс цифрландырылып, олардың жалпы көлемі 20012075 парақты құрады.
2025 жылы "Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелері мен архивтік үзінділерді беру" мемлекеттік қызметі аясында 35 946 қызмет көрсетілген.