Алматыда "Мен жастарға сенемін!" форумы өтті

2123

Салтанатты шарада қорытындылар шығарылды.  

Алматыда "Мен жастарға сенемін!" форумы өтті

Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еліміздің Тұңғыш Президенті күніне арналған "Мен жастарға сенемін!" республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Инновациялар мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамытуды мақсат еткен жастар форумы байқауларының жеңімпаздары анықталды. 

Форум ҚазҰУ қабырғасында 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайынғы республикалық шара аясында "Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім" атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, "Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?" атты үздік эссе жазу, үздік поэзиялық шығармалар және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы өтеді. Жастар жылында форум қоржынына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығына арналған қайырымдылық қағидаларын ілгерілету және үздік шығармашылық туындылар сияқты жаңа байқаулар қосылды.

Ұйымдастыру комитетіне келіп түсетін жобалар мен шығармашылық жұмыстар санының жыл сайын артуы байқаудың танымалдылығы мен қажеттілігін дәлелдейді. Форум ел көлемінде жастардың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін және зияткерлік-шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Биыл форум байқауларына қатысу үшін ұйымдастыру алқасына еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың арасында жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар, ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Құрамында беделді сарапшылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік құрылымдар және БАҚ пен бизнес өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстардың ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды. Жұмыс авторлары форумға қатысуға шақырылды. 

Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінен жұмыс істейтін жастар қатысты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев форум қатысушыларына арнаған сөзінде 2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен Жастар жылы болып жарияланғанын атап өтті. Бұл еліміздің маңызды әрі белсенді санаты, зияткерлік және шығармашылық әлеуеттің иесі жас ұрпаққа деген мемлекеттің зор әрі ерекше қамқорлығының көрінісі. 

"Жастардың энергиясы мол және өте талантты. Олар Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына белсене атсалысуда. Мемлекет алдындағы Үкіметтің міндеті қазақстандық жастардың халықаралық стандарттарға сай, лайықты білім алуына және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау", – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ ол, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялағанын атап айтты. Ол Жастар жылын сабақтастыру эстафетасын жалғастырады. Еріктілер қозғалысының қатысушылары жастар екені белгілі, сол үшін де бұл өте маңызды. Вице-премьердің айтуынша, әркім өз елінің дамуына қандай үлес қосқанын ойлау керек. Сонда ғана нәтиже болады.  

Паралимпиадашы, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы Серік Есматов та өзінің рухты ойын жеткізді. 

"Сіздер менің өмірімнің және жетістігімнің тарихын білесіздер. Табысқа жету жолы қиын екенін болжап отырсыздар. Мен 13 жасымда аяғымды жоғалтқаныммен өзімді жоғалтпадым, өз күшіме сеніп, өмірге деген сүйіспеншілігімді арттырдым. Барлығы өз қолдарыңызда! Біз жастар – Қазақстанның болашағы. Мен форумға қатысушыларға жаңа белестер мен шығармашылық жетістіктер тілегім келеді", – деді ол.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантына ие болды. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарияланады. Форум соңында патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарламаға ұласты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу