Департамент басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, зертханалық жолмен расталған жеті жағдайдың үшеуі – ересектер арасында, төртеуі – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
“2024 жылдың осы кезеңінде бес жағдай тіркелген, оның екеуі – 14 жасқа дейінгі балалар арасында”, – деді ол.
Ағымдағы жағдайларға байланысты менингококк инфекциясы бойынша 192 адаммен байланыс болғаны анықталып, олар медициналық тексеруден өтті. Олардың арасынан тасымалдаушылар табылған жоқ.
Менингококк инфекциясы – Neisseria meningitidis бактериясы қоздыратын өткір жұқпалы ауру. Ол ауа-тамшы жолымен (жөтелу, түшкіру, сөйлеу кезінде) беріледі. Инфекцияның инкубациялық кезеңі 2 күннен 10 күнге дейін, көбінесе 2–4 күнге созылады.
Сондай-ақ мегаполисте алдын алу мақсатында 3817 адам тексеруден өтті, оның ішінде 2598 адам – жабық мекемелерге түскендер, 1219 адам – қауіп тобына жататындар. Олардың арасында да тасымалдаушылар анықталған жоқ.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті менингококк инфекциясының ауырлығы назофарингиттен бастап бірнеше сағат ішінде өлімге әкелетін найзағай тәрізді сепсиске дейін өзгеретінін ескертеді. Аурудың бастапқы белгілері нақты емес, қарапайым тұмауға ұқсайды – дене қызуының көтерілуі, бас ауруы.
"Негізгі клиникалық белгілеріне мыналар жатады: аурудың күрт басталуы, дене қызуының 39°C және одан жоғары көтерілуі, шыдатпайтын бас ауруы, жүрек айнусыз құсу, ол жеңілдік әкелмейді, геморрагиялық бөртпе, желке бұлшықеттерінің керілуі, тыныс алудың бұзылуы, селқостық, естің шатасуы", – деді Әсел Халықова
Ауру әдетте маусымдық сипатқа ие. Инфекцияның ең көп таралуы күз-қыс мезгілінде, әрі қарай наурыз–сәуірде жалғасады.
Дәрігердің айтуынша, бұл кезеңде адам иммунитеті әлсірейді, өйткені сол уақытта тұмау, ЖРВИ секілді басқа вирустар да белсенді болады.
"Иммун жүйесі толық қалыптаспағандықтан, көбіне 5 жасқа дейінгі балалар, жасөспірімдер мен жастар ауырады. Бұл жастағы адамдар көбінесе адам көп жиналатын қоғамдық орындарда, ойын-сауық мекемелерінде жүреді. Мұндай жерлерде тәуекел факторлары көп – адамдардың тығыз орналасуы, темекі тарту, ортақ сусын қолдану және т.б.", – дейді Қалықова.
Менингококк инфекциясының алдын алу үшін эпидемиологтар келесі кеңестерді ұсынады:
• Алғашқы белгілер пайда болғанда дәрігерге бірден қаралу керек – бұл асқынулардың алдын алады. Өзін-өзі емдеуге болмайды.
• Инфекция таралатын маусымда көп адам жиналатын жерлерге бармауға тырысыңыз.
• Жұқтыру қаупін азайту үшін жұтқыншақтағы жіті және созылмалы ауруларды дер кезінде емдеу керек: фарингит, тонзиллит, ларингит, назофарингит.
• Ашық ауада көбірек серуендеңіз.
• Тағам толыққанды әрі дәрумендер мен микроэлементтерге бай болуы керек. Спортпен айналысыңыз, шынығу иммунитетті арттырады.
• Бөлмені жиі желдетіңіз, күніне кемінде екі рет ылғалды тазалау жүргізіңіз.
• Жөтелгенде немесе түшкіргенде бір реттік сулық қолданыңыз. Егер ол болмаса, шынтаққа жөтеліп/түшкіру керек.
• Қолды жиі әрі мұқият сабындап жуу қажет.
• Кішкентай балаларға күтім жасағанда жеке ыдыс-аяқ қолдану, оны мұқият жуу қажет.
• Ересектер баланың емізігін жалап беруге болмайды – бұл арқылы ересек адамның микрофлорасы баланың ағзасына өтеді.
• Тұмауға ұқсас белгілер кезінде балалар мен жақындарыңызды сүймеңіз.
"Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бұл аурудың қаншалықты қауіпті екенін толық түсінбейді. Сондықтан кәсіби медициналық көмек алудан бас тартып немесе дәрігерге кеш жүгінеді", – деп түйіндеді маман.
Менингит – әлемдегі ең қауіпті 10 инфекцияның бірі. Оның күрт басталуы мен ауыр ағымын ескерсек, алғашқы белгілер байқалған сәтте дереу дәрігерге көріну қажет.