Бүгін Алматы мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Ұлан Іңкәрбеков қоғам белсендісі Абай Ерекеновтің үстінен Медеу аудандық сотына талап-арыз түсірді. Айтуынша, Ерекенов әлеуметтік желіде мүгедек жандардың ар-намысына тиетін сөздер жазып, жала жапқан, деп хабарлайды almaty.tv.
Түсіндіре кетсек, даудың басы Көкжайлауда құрылыс жүргізу туралы әңгімеден басталған. Ұлан Іңкәрбеков бұл жобаны қолдаушылардың бірі болса, Абай Ерекенов Көкжайлауда демалыс орнын салуға қарсы пікір айтып жүрген азамат.
"Медеу аудандық сотына келіп шағымданып тұрмын. Ол кісі әлеуметтік желіде мүгедек адамдар туралы айтқан постында "біз кімнің қолынан нан жеп отырмыз, кімнен ақша алып, кімнің сөзін сөйлеп жүрміз" дегендей мағынада жазыпты. Ол осылайша біздің атымызға кір келтірді. Сондықтан сотқа келіп шағымданып тұрмын", – деді Алматы қалалық Мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Ұлан Іңкәрбеков.
Айта кетсек, бұған дейін қоғам белсендісі Абай Ерекенов Көкжайлауда жеке коттедждер салынуы мүмкіндігі жайлы өз күдігін айтып, құрылыс жұмыстарына қарсылық танытқан еді. Ал Ұлан Іңкәрбеков "Көкжайлауда демалыс орны болғанын қалағанымыз – жеке азаматтық пікіріміз" дейді, бұл жобаны қолдап қана қоймай, мүгедектер атынан өз талап-тілектерін де алға тартқан.
"Көкжайлауды құрылыс салатын адамдарға, әкімшіліктегі адамдарға да: егер де біздің сарапшыларымыз сол құрылыс алаңында бірге болып, демалыс орнын мүгедектерге де қолжетімді қылса, оны қолдаймыз деп айттым", – дейді Ұлан Іңкәрбеков.