Алматы қаласында ТЖМ-нің "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі мұздық көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылауға арналған бес биік таулы бақылау бекетінің жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бекеттер Үлкен Алматы өзені алабындағы №13-бис және №10 көлдерде, Ақсай өзені алабындағы №8 және №9–10 көлдерде, сондай-ақ "Күмбел" гидробекетінің жоғарғы бөлігінде орналасқан.
Маусымдық бақылау бекеттері гидрологиялық жағдайды үздіксіз бақылап, мұздық көлдердегі өзгерістерді дер кезінде анықтауға және қауіп туындаған жағдайда жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Тәулік бойғы мониторинг сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, мұндай бақылау жүйесі мұздық көлдердің жарылу қаупінен туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.