Алматыда жаңа туған нәрестелерді сатқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп жазады inbusiness.kz
"Биылғы тамызда Алматыда жаңа туған нәрестелерді заңсыз асырап алу мақсатында сату фактілері анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде бұл іске аудандық АХАЖ бөлімі қызметкерінің қатысы бары анықталған. Ол сәбилерін тастап кеткісі келетін жүкті әйелдер мен балалары жоқ ерлі-зайыптыларды іздеумен айналысқан. Сондай-ақ қылмыстық топ балалардың жалған туу туралы куәліктерін жасаған", – деді спикер.
Қылмыстық топ нәрестелерді 1-2 млн теңгеге бағалаған. Ал жалған құжат жасау мен анықтамаға 700 мың теңге сұраған.
"Бүгінгі таңда ұсталғандардың жаңа туған нәрестелерді сатудың 6 фактісіне қатысы бары анықталды. Аталған факті негізінде "Кәмелетке толмағандарды саудалау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бес күдікті ұсталды, барлығы қамауға алынды", – деді спикер.