Студент мұғалімімен көңіл жарастырған: Алматыда 19 жастағы әке өгей баласын өлтіргені үшін сотталды

583

Ер адам бүлдіршіннің анасымен бірге тұрған.

Студент мұғалімімен көңіл жарастырған: Алматыда 19 жастағы әке өгей баласын өлтіргені үшін сотталды Фото: Бейнежазбадан

Алматыда 4 жасар баланы өлтірді деп айыпталған өгей әкеге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2023 жылдың қыркүйегінде сотталушыда баланың әкесінен кек алу мақсатында бірге тұратын әйелінің ұлын өлтіру туралы қылмыстық ниеті болған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында сотталушы үлкен күшпен баланың басы мен асқазанынан 8-9 рет жұдырықпен ауыр соққы берген, бұл бауырының жарылуына және іштей қан кетуіне әкелген", - делінген Алматы сотының хабарламасында.

Осыдан кейін қылмыскер оны балабақшада дәрменсіз күйде қалдырып кеткен. Бүлдіршін балабақшадан ауруханаға жеткізілген, бірнеше күннен кейін алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.

КТК телеарнасының хабарлауынша, сотталушының жасы – 19-да. Ол өзінің колледждегі мұғаліміне ғашық болғанын айтқан. Жігіттің ата-анасы жас айырмашылығына байланысты бұл қарым-қатынасқа қарсы болған. Бірақ жігіт оларды тыңдамай, әйелдің үйіне көшіп келген. Олар азаматтық некеде үш ай ғана тұрған.

Кейін сол азаматтық некедегі әйелінің кішкентай баласын өлімші етіп ұрып, балабақшаға апарып тастаған. Оңбай таяқ жеген бүлдіршін құсып, ауырсынған соң, тәрбиешілер полиция мен жедел жәрдем шақырған.

Кішкентай Хантөре өгей әкесінен таяқ жегенін сол тәрбиешілерге айтып үлгеріпті. Өкінішке қарай, бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады. Ал өгей әкесіне қатысты айтқаны көп ұзамай-ақ дәлелденген.

Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу