Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин осындай пікірде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында ол өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі (НКИ) 118%-дан асқанын, ал өндіріс көлемінің үлесі 328,4 млрд теңгеге жеткенін мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Машина жасау саласы жоғары қарқынмен дамуда. Бұл көрсеткіш 5 еседен артық өскен", - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы.
Онлайн-брифингте Еркебұлан Оразалин өңдеу өнеркәсібіндегі қарқынды өсім сақталып отырғанын айтты.
"Өңдеудің нақты көлемінің индексі 124,9%-ды (254,3 млрд теңге, үлесі - 77,4%) құрады және республикадағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Бұл машина жасау саласының өсуімен байланысты. Көбіне "Hyundai Trans Kazakhstan" ЖШС зауытының арқасында қол жеткізілген көрсеткіш. Сонымен қатар полиграфиялық қызмет 26,3%-ға ("РПИК ДӘУІР" ЖШС, БФ РМК - мемлекеттік тапсырысты ұлғайту), резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісі 54%-ға ("Торгстрой" ЖШС, "Техновид" ЖШС - құрылыс ұйымдарынан пластмасса және полиэтиленнен жасалған бұйымдарға тапсырыстар), өзге де металл емес минерал өнімдер 18,8%-ға ("АЗМК" ЖШС, "Конкрид" ЖШС-бетон және цемент), дайын металл бұйымдар 2 есеге ("Казферросталь" ЖШС, "Техновид" ЖШС – "Stynergy" - арматура), химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 24,3% ("Аврора" ЖШС, "Alina Group" ЖШС" - лак-бояу өнімдеріне тапсырыстар), жеңіл өнеркәсіп саласы 80,6%-ға ("Казлегпром" ЖШС, "Жетісу" ЖШС-жұмыс киімдеріне тапсырыстар) өскен", - деді спикер.
Сонымен бірге Еркебұлан Оразалин Алматы қаласының сауда саласы жайлы да сөз етті. Бірінші тоқсанда тауар айналымы 2 984,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде бөлшек саудадағы тауар айналымы 801,2 млрд теңге.
"Алматыда компьютерлер, фармөнімдер, құрылыс материалдары, автомобильдер, киім - кешек пен аяқ киім сатылымының өсуі байқалады", - дейді басқарма басшысы.
Бұдан басқа, құрылыс материалдарын сату 5,4%-ға, автомобильдерді сату 3,3%-ға, кең ассортиментті тауарларды сату 8,7%-ға ұлғайған.
Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, пандемия Алматыда интернет-сауданың дамуына серпін берді. Қала тұрғындары тауарларды сатып алудың осы түріне көбірек жүгінуде. Сонымен қатар, онлайн-сауда сатудың барлық салаларында — киім мен спорт тауарларынан бастап тұрмыстық техникаға немесе азық-түлікке дейін дамып келеді.