Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, телеарнаның жұмысымен танысты, деп жазды inbusiness.kz сайты.
Жаңа телеарна 2025 жылдың қыркүйегінде көрерменге жол тартқан және қазіргі уақытта облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамти отырып, республикалық деңгейде хабар таратып отыр.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев телеарнаның ашылуын өңір үшін маңызды тарихи оқиға деп атады: "Бұл тек медиа алаңның іске қосылуы емес, қоғамдық сананы қалыптастыруға, ашық диалог орнатуға және өңірдің дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Арнаның басты ұстанымы – шынайылық, жауапкершілік және халық мүддесіне адал қызмет көрсету", – деді.
Телеарна "Digital Sana" жобасы аясында жасанды интеллект технологияларын қолдануды жоспарлап, отандық медиа кеңістігінде озық әрі жаңашыл арналардың қатарын толықтыруға ниетті.
"Qonaev Media" бас директоры Қымбат Хангельдина телеарнаның сапалы контент жасап, өңірдің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған жұмысын жалғастыратынын айтты: "Облыс әкімдігі көрсеткен қолдау үшін алғысымыз шексіз. Ұжым өңірдің дамуына үлес қосып, сапалы телевизиялық өнім әзірлеуді жалғастырады", – деді ол.
Телеарна эфирлік, кабельдік, Smart TV және онлайн платформалар арқылы хабар таратып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді контент ұсынады.