Бұл Орталық Азиядағы алғашқы білім беру орталығы болмақ, ол мектеп оқушылары мен жас ұрпақ арасында ғылымды кеңінен насихаттайтын алаңға айналады.
Болашақ музей білім беру орталығы ғана емес, мектеп, колледж және университет бағдарламаларына заманауи ғылыми жетістіктерді енгізетін платформа болмақ.
Кеңес барысында құрылыс жұмыстарының қазіргі барысы қаралды. Бүгінде бұзу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, инженерлік зерттеулер қолға алынған. Ғимарат құрылымдарын сейсмикалық талаптарға сәйкес нығайту жұмыстары қызған. Онымен қатар халықаралық және жергілікті сарапшылардың атсалысуымен музейдің білім беру және көрме мазмұны дайындалып жатыр. Институционалдық даму мәселесі қарастырылып, халықаралық әріптеспен ынтымақтастық бағыттары талқылануда.
Жобаны жүзеге асырудың мерзімі айқындалды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында аяқталып, маусым айына салтанатты ашылу рәсімі жоспарланған.
Дархан Сатыбалды жобаның стратегиялық маңызын атап, жауапты басқармаларға әрбір кезеңді сапалы түрде орындауды тапсырды. Музейдің ұзақ мерзімді дамуы үшін Алматы қаласының Білім басқармасы стратегиялық салалық куратор болып бекітілді. Бұл қадам жобаға тұрақты даму миссиясын қамтамасыз етіп, балалар мен жас буын арасында ғылымды дәріптеуге, зерттеушілік қызығушылықты қалыптастыруға және болашақ мамандыққа ерте бағдар беруге мүмкіндік береді.