29 шілдеде Алматы қаласы бойынша "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-байқауы өз жұмысын бастады, деп хабарлады "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметі.
Өңірлік көрме-байқау үш номинация бойынша өтеді: "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар", "Халыққа арналған үздік тауарлар", "Үздік азық-түлік тауарлары" . Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады.
Шараға Алматы қаласының әкімдігі, елшіліктер мен консулдықтар, мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдард өкілдері қатысып жатыр.
"Бүгін біз Алматы бизнесі үшін айтулы шараға жиналдық. Бүгінгі көрме "Қазақстанда жасалған" өндірістің, тұтастай экономика дамуының нақты көрсеткіші. Отандық өндіріс төңірегінде көп сын айтылады. Тіпті жергілікті өндіріс жоқ дейтіндер бар. Менің айтарым, өндіріс саласы жылдан жылға өсіп, дамып келеді. Осы бастамаларды палата, мемлекет, қоғам ретінде бірлесіп, қолдау көрсетіп қана ілгерілете аламыз. Әркез, мүмкіндігінше отандық өнімді таңдайық! Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін", – деп атап өтті ашылу салтанатында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Көрмеге қатысып жатқан алматылық өндірушілер сауда, қызмет көрсету, машина жасау, металлургия, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп салаларында еңбек етеді.
Алматыда 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 295 861 бірлікті құрады. 2022 жылғы қаңтар-наурызда өткен жылдың тиісті езеңімен салыстырғанда өнім шығару (салыстырмалы бағаларда) 28,5%-ға ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 17,4%-ға өсті және жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 2022 жылғы 1 сәуірде 10,6%-ға өсті.
2022 жылғы қаңтар-наурызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы 2854,6 млрд теңгені құрады. ШОК субъектілерінің жалпы санында жеке кәсіпкерлердің үлесі 61%, шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары 38,1%, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары 0,3%, шаруа немесе фермер қожалықтары 0,6% құрады.
Бүгін көрме аясында алматылық сән саласындағы дизайнерлер сән шеруін өткізді. Қонақтар арасында сыйлықтар ұтысы ойнатылды. Алматыда "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-байқауы 29,30,31 шілде өтеді.
30 шілдеде KASE биржа қоры, "Даму" кәчіпкерлікті дамыту" қорының өкілдері кәчіпкерлерге арналған қолдау, мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпарат беріп, шеберлік сабақтарын өткізеді. Қонақтар арасында сыйлық ұтысы ойнатылады.
Ал 31 шілде көрме-байқаудың жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Өңірлік іріктеу жеңімпаздары елордада Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға жолдама алады. Көрменің соңғы күні концерттік бағдарлама ұйымдастырлады. Кеш қонағы – әнші Айқын Төлепберген.