"Ашық НҚА" порталында "Алматы қаласында атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы" құжат жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобада "қолайсыз метеорологиялық жағдайлар" (ҚМЖ) ұғымы қарастырылған. Осы кезеңде мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына ашық ауада жаттығулар мен спорт сабақтарын өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар оқу орындары оқушыларды бір реттік немесе қайта қолдануға болатын бетперделермен қамтамасыз етуі қажет.
ҚМЖ III дәрежесі кезінде (атмосферадағы зиян заттар шекті нормадан бірнеше есе асып кеткен жағдайда) барлық оқу орындары онлайн оқытуға көшуге тиіс. Сонымен қатар мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіби, қосымша білім беру ұйымдарын ауа тазалағыш құрылғылар сатып алып орнатуға, бөлмедегі ауаның сапасын мобильді датчиктер арқылы бақылауға міндеттеледі.
Сондай-ақ Алматы аумағында от жағуға, шөп өртеуге және кез келген тұрмыстық қалдықтарды жағуға тыйым салу жоспарланған. Бұл тек қоғамдық орындарға ғана емес, жеке жер телімдерінде, кәсіпорындар мен жеке тұрғын үйлерге қатысты.
Жаңа ережеге сәйкес, қала аумағында кез келген пиротехникалық заттарды қолдануға да тыйым салынбақ.
Сұйық немесе қатты отын пайдаланатын барлық қоғамдық тамақтану орындары заң бойынша III категорияға жатады. Енді барлық кәуап мейрамханалары, мангал орындары, монша және сауналарда фильтрлермен жабдықталмаған пештерді пайдалануға тыйым салынады.
Жаңа ережеде құрылыс компаниялары үшін де арнайы тыйымдар көрсетілген. Мысалы, Алматы аумағында мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізбей құрылыс жұмыстарын бастауға тыйым салынады. Бұл ереже құрылыс компанияларына ғана емес, жеке үй салушыларға да қатысты.
Мәслихаттың жобаны талқылауы 20 тамызға дейін жалғасады.