Алматыда өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған 4 адам ұсталды

332

Полиция болып қорқытып, 3 млн теңге талап еткен.  

Алматыда өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған 4 адам ұсталды Фото: polisia.kz

Алматыда өзін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, қару қолданып, тұрғыннан 3 млн теңге талап еткен төрт адам ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ІІМ мәліметінше, оқиға 10 тамызда болған. Бір топ адам тұрғынды аңдып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Кейін оны тапаншамен қорқытып, көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткен. Қысым көрсету арқылы жәбірленушіні туысына қоңырау шалуға мәжбүрлеген. Нәтижесінде туысы көрсетілген шотқа 3 млн теңге аударған.

Күдіктілердің барлығы бұрын сотталған. Олардың біреуі адам өлтіргені үшін жазасын өтеген. Қазір төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тінту кезінде екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрілер тәркіленді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Осыған ұқсас қылмыстық іс Ақтөбе облысында да тіркелген. Онда бұрын сотталған жергілікті тұрғын өзін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардан ақша талап еткені анықталды.

ІІМ азаматтарды құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адамдардың қорқытуы мен қысымына берілмей, мұндай жағдайларда дереу полицияға жүгінуге шақырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу