Алматыда пандусы жоқ мекемелерге ірі көлемде айыппұл салынды

1047

Алматыда пандусы жоқ мекемелерге ірі көлемде айыппұл салынды

Алматыда ғимараттарында кембағал жандардың емін-еркін кіріп шығуына мүмкіндік жасамаған кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды almaty.tv.

Алматыдағы әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаментіне соңғы кездері мүгедектерден түскен шағым көбейген. Олар арнайы пандус пен арбаның жоқтығынан 30-ға тарта ғимаратқа кіре алмай, қиналып жатқанын жеткізіпті. Әсіресе, арбаға таңылғандарға дәріханалар мен емдеу мекемелеріне кіру қиын. Мұны ескерген мамандар дереу тексерісті бастап кетті.

"Қазір қала бойынша көп нысандарда пандустарды көріп жатамыз, бірақ олардың барлықтары нормативтерге сай келмейді. Пандустың ені 1-де 20 см болу керек. Тұтқалар болу керек екі шетінен. Мүгедек жандар еш қиындықсыз көтерілуіне және түсуіне", - деді еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Нұрлан Юлимбетов.

Мамандардың сөзінше, Алматыдағы осындай 3 мың нысанның тек  жартысында ғана мүгедектерге жағдай жасалған. Бір пандус орнату үшін шамамен 100 мың теңге кетсе, арнайы көтергіші бар лифт орнату 500 мың теңгеге дейін баратын көрінеді.

"Көбісі білмегендігін айтып жатады, стандарттың білмегендігін айтып жатады. Кейбіреуі қаражат жоқ деп түсіндіріп жатады. Көрсетілген кемшіліктерді жою үшін біз ескерту қалдырамыз. Сол ескертудің уақыты көрсетіледі. Сол уақыттың ішінде толығымен жойылмаған жағдайда айыппұл салынады. Айыппұл өндірілмеген жағдайда, біздің департаментпен сотқа беріліп, сот арқылы өндіріс жасаймыз", - деді еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Руслан Ысқақов.

Өткен жылы қалада шағым бойынша 44 нысан тексеріліп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын табан асты еткен кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ал биылғы жыл басынан бері 16 нысан иесі 300 мың теңгеден астам айыппұл арқалаған.

Айта кетсек, мүгедектерге жағдай жасамаған шағын кәсіпкерлік субьектісіне 120, орта бизнес өкілдеріне 200 және ірі кәсіп иелеріне 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазылады. Олқылықтың орны белгіленген мерзімде түзелмесе, айыппұл көлемі арта береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу