Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Төртқараев ӨКҚ алаңында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Өрттердің алдын алу және ескерту, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау салдарынан болатын жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында Алматы қаласы ТЖД азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастыру шаралары кешенін жүргізуде", – деді спикер.
Құтқарушылар халық тұратын нысандарда орнатылған 72 жаңа жылдық шыршаны есепке алды. Олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексеріліп, алдын алу шараларын күшейту бойынша ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, жаппай сырғанау үшін мұз айдындары ұйымдастырылатын 14 нысан назарға алынды, осы нысандардың иелерімен жаппай іс-шаралар өткізу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
"Алматы қалалық Полиция департаментімен бірлесіп "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шаралар жоспары келісіліп, бекітілді, соған сәйкес 25 желтоқсаннан бастап заң бұзушыларға жедел әрекет ету шараларын қолдана отырып, пиротехникалық бұйымдар сатылатын орындарда рейдтер ұйымдастырылады", – деді спикер.
Бұл ретте ТЖД қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды сатушылармен профилактикалық әңгімелесулер жүргізеді, бұған дейін 20 кездесу мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, оның барысында мұндай бұйымдарды сақтау және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.