Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада тәртіп сақшыларының мопедті қуып келе жатқан сәті түсірілген. Видеодан мопед жүргізушісінің жаяу жүргіншілер жолағында жоғары жылдамдықпен қашуға тырысқаны анық көрінеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, жүргізуші құқық қорғау органдарының заңды талабына бағынудан бас тартып, қашып құтылмақ болған. Тіпті, мопедін тастап, жаяу жүгіріп кетуге тырысқан. Алайда полицейлер оны дер кезінде тоқтатып, қолға түсірді.
– Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Айта кетейік, бұған дейін де полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігі жоқ, 2006 жылы туған азаматты ұстаған болатын.