Алматыда Президенттік кадрлік резервке 45 адам өтініш берді

644

Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған комиссия іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке сұхбаттасады. 

Алматыда Президенттік кадрлік резервке 45 адам өтініш берді

Қазақстанда 1 қыркүйекте Президент жанындағы жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу басталды. Елдің мемлекеттік сектор резерві қатарына 50 адам қабылданады деп жоспарлануда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері басқармасы басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан кандидаттардың қандай талаптарға сай болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Байқауға жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді мен жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес азаматтар жіберіледі. Қазіргі іріктеудегі жаңашылдығы – үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растауы қажет. Ол ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден төмен болмауы тиіс", - деді департамент өкілі.

Шынарай Əлімхан кандидаттардың мемлекеттік тілде мәтін құруы, өз пікірін дәлелді түрде жеткізуі және қарапайым диалог жүргізе алуы керектігін түсіндірді.

Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, кадрларды іріктеу процесі тек қажетті білімді, дағды мен қабілетті ғана емес, сонымен қатар үміткерлердің шынайы ықыласы мен ниеттері сараланады. 

"Мемлекеттік сектор үшін ең алдымен қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды табу маңызды. Сондықтан барлық үміткерлер іріктеу кезінде ситуациялық тапсырмалар мен мінез-құлық бойынша сұхбат береді", - деп жалғастырды Шынарай Əлімхан.

Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған адамдар іріктеуге қатыса алмайды.

Іріктеуден өткендер "А" корпусының саяси әкімшілік лауазымдарына және жетекші - "Б" корпусына тағайындалады. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. 

Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілі Президенттік резервке тіркелу резервте болу кезеңінде лауазымдарға міндетті түрде тағайындалудың шарты болып табылмайтынын атап өтті. Тағайындау резервтегі адамдардың және қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа адамдардың арасынан да жүргізілуі мүмкін.

"Алғашқы кезеңде құжаттар мамандандырылған онлайн-платформада бір ай ішінде қабылданады. Екінші кезеңде мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Ал үшінші кезеңде ситуациялық тапсырмалар беріледі", - деді спикер.

Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған комиссия алдыңғы іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке сұхбат жүргізеді.

"Сұхбаттасу нәтижелері бойынша Сараптамалық комиссия резервке жазылуға ұсынылған кандидаттардың тізімін жасайды, ол Ұлттық комиссияның қарауына жіберіледі. Іріктеудің соңғы кезеңінде үміткерлерді кадрлық резерв жөніндегі Ұлттық комиссия қарайды", - деді спикер.

Президенттік резервке іріктеу туралы толық ақпаратты pkrezerv.gov.kz сайтынан білуге болады.

Айта кетерлігі, іріктеудің басталғанына 9 күн өтті, ал 7 қыркүйектегі мәлімет бойынша Алматы қаласы бойынша 45 үміткер тіркелді, ал республика бойынша үміткерлер саны - 281.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу