Алматыда сәбидің асқазанынан 31 магнит алынды

108

Оған шұғыл түрде ота жасалды.  

Алматыда сәбидің асқазанынан 31 магнит алынды Фото: Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматы қаласында 1 жас 9 айлық бала 31 магнит жұтып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына өте ауыр хәлде жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер ішекте 31 магнит барын анықтап, жіңішке ішектің көптік тесілуі мен жайылған нәжістік перитонит диагнозын қойған.

Мамандардың айтуынша, баланың өмірін аман алып қалудың жалғыз жолы – жедел хирургиялық араласу болған. Дәрігерлер ортаңғы лапаротомия жасап, құрсақ қуысын толық тексерген. Ота кезінде магниттер ішектен алынып, жіңішке ішектегі көптеген тесіктер тігілген. Құрсақ қуысы тазартылып, дренаж орнатылған, сондай-ақ ішекке трансаналдық интубация жасалған.

Орталық хирургі Асқар Ризванов магниттердің аса қауіпті екенін атап өтті. Оның сөзінше, бірнеше магнит бөлек жұтылғанымен, ішекте бір-біріне тартылып, ішек қабырғасын қысып қалады. Соның салдарынан қан айналымы бұзылып, тіндер жансызданады және қысқа уақыт ішінде перитонит дамуы мүмкін.

Дәрігерлер тіпті бір магнит жұтылған жағдайда да уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Ал бірнеше магнит баланың өміріне тікелей қауіп төндіреді.

Мамандар ата-аналарға магнитті ойыншықтар мен ұсақ магниттері бар заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу