Threads әлеуметтік желісінде сәбиімен бірге тапсырыс жеткізіп жүрген алматылық әйелдің суреті жарияланғаннан кейін, қала тұрғындары оны іздей бастады. Осы жағдайды пайдаланған алаяқтар әйелдің атынан ақша жинауға кіріскен. Желі қолданушылары тұрғындарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қолына кішкентай баласын көтеріп, курьер болып жүрген әйелдің суреті желіде пайда болды.
"Кеше Алматыдағы Брусиловский көшесінде сәбиін көтеріп жүрген әйелді көрдім. Оған деген құрметім оянып, суретін жарияладым. Пост көпшіліктің назарын аударып, үлкен резонанс тудырды.
Өкінішке қарай, сол сәтте оның қасына барып, көмегімді ұсыну туралы ойламаппын. Қазір соған өкініп жүрмін. Егер бірден қаражат жинау туралы жазсам, адамдар оны кезекті алаяқтық немесе жалған көмек жинау деп қабылдар еді", – делінген жазбада.
Жазбаның астында курьер әйелге көмек қолын созуға ниет білдірген комментарийлер жазылды. Кейін талқылаулар барысында алаяқтар туралы ескертулер де пайда болды.
Желі қолданушыларының айтуынша, белгісіз адамдар суреттегі әйелдің атын жамылып, ақша сұрай бастаған. Әлеуметтік желі қолданушылары суреттегі курьер әйелдің кім екенін анықтай алмады.