Алматыда Саин көшесіндегі арнайы жолақтағы пилоттық жобасы аяқталды

356

Бұл туралы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады.  

Алматыда Саин көшесіндегі арнайы жолақтағы пилоттық жобасы аяқталды Фото: Алматы қаласының әкімдігі

2026 жылдың 31 тамызынан бастап Саин көшесіндегі арнайы жолақ алынып тасталады. Бұл пилоттық форматтан келесі кезеңге – жол желісінің басқа учаскелерін және кешенді схеманы іске асыруға қажетті нормативтік жағдайларды дайындауға көшуге байланысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша қала қоғамдық көлікке басымдық берудің тиімділігін растап, арнайы жолақтарды одан әрі дамытудың форматын – бірыңғай кешенді схема аясында жүзеге асыруды айқындады.

Саин көшесіндегі арнайы жолақ қаланың ең көп көлік жүретін магистральдарының бірінде қоғамдық көлікке басымдық берудің тиімділігін бағалау мақсатында пилоттық режимде ұйымдастырылған болатын.

Мониторинг нәтижесі арнайы жолақ енгізілгеннен кейін қоғамдық көлік жұмысының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалғанын көрсетті.

"Әсіресе, қарбалас уақытта айқын нәтиже тіркелді. Таңғы қарбалас уақытта қоғамдық көліктің жол учаскелеріндегі қозғалыс жылдамдығы 26,2 км/сағ-тан 31,8 км/сағ-қа дейін, яғни 21,37%-ға артты. Кешкі қарбалас уақытта орташа жылдамдық 25 км/сағ-тан 30,4 км/сағ-қа дейін өсіп, 21,6%-ға артты", – деп мәлімдеді жобаны іске асырушылар.

Сонымен қатар қоғамдық көлік қозғалысының тұрақтылығы жақсарды. Бір күн ішіндегі орташа қозғалыс аралығы 13,6 минуттан 12 минутқа дейін, яғни шамамен 12%-ға қысқарды. Ал таңғы қарбалас уақытта бұл көрсеткіш 13,6 минуттан 11,6 минутқа дейін немесе 14,7%-ға төмендеді.

Пилоттық жоба арнайы жолақтарды жекелеген учаске ретінде емес, қаланың негізгі магистральдарында қоғамдық көлікке басымдық беретін өзара байланысқан жүйе ретінде одан әрі дамыту қажеттігін көрсетті.

Осыған байланысты Саин көшесі әл-Фараби даңғылы – Саин көшесі – Рысқұлов даңғылы – Шығыс айналма жолы бағыттары бойынша өтетін айналма маршрутты қамтитын кешенді схеманың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Бұл бағытта қоғамдық көлікке басымдық беріледі.

Ол үшін жол желісінің басқа учаскелерін кезең-кезеңімен дайындап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы қолданыстағы стандарттары мен нормативтік құжаттарына қажетті өзгерістер енгізу қажет.

Қажетті нормативтік шешімдер қабылданып, тиісті инфрақұрылым дайындалғаннан кейін Саин көшесіндегі басымдықпен қозғалысты қаланың негізгі магистральдарындағы арнайы жолақтардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін кешенді схема аясында қайта іске асыру жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу