Алматылықтардың салықтық қарызы 4,9 млрд теңгеден асты. Сондықтан шаһарда автокөлік құралдары бойынша салық берешегін өндіріп алу мақсатында қалалық полиция департаментімен және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп "Борышкер" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Бұл туралы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жеке сот орындаушыларының қаулысы бар борышкерлердің автомобильдері "Сергек" камераларының көмегімен анықталады және берешек толық өтелгенге дейін айыппұл тұрағына қойылады.
"Бүгінгі таңда көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 4,9 млрд теңгені құрайды. Берешектің негізгі бөлігі қозғалтқышының көлемі 4000 текше см-ден асатын автокөліктерге тиесілі", – деп хабарлады МКД.
Бір апта ішінде жиырмадан аса көлік, соның ішінде Porshe cayenne, Toyota Land Cruiser, Mercedes-Benz және т. б. автолар айыппұл тұрағына қойылды.
Алматы қаласы бойынша МКД автокөлік иелерін айыппұл тұрағына қамауды және сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу бойынша жайсыз жағдайларды болдырмау үшін жақын арада салық берешегін өтеуге шақырады.
Салық берешегін МКК "Е-Salyq-Azamat" мобильді қосымшасының көмегімен және өз бетінше www.kgd.kz интернет-ресурста, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасында тексеруге болады.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.