Полиция көктайғаққа байланысты жол қозғалысына қатысушыларды мұқият және сақ болуға шақырады, деп жазды inbusiness.kz.
"Таңғы сағат 6:00-ден бері шаһардың жоғарғы бөлігінде 25-тен астам жол-көлік оқиғасы орын алды. Оның 10-ында зардап шеккендер бар. Жауын-шашын, көктайғақ қаладағы көлік қозғалысының жағдайын айтарлықтай қиындатқаны анық. Кептеліс орын алуда. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, көбінесе бұл жағдайлар жол қозғалысына қатысушылардың әрекетінен туындайды. Кейбір жүргізушілер жылдамдықты төмендетпейді, апаттық жағдайлар туындатады, қауіпті маневрлер жасайды, бір-бірін сыйламайды, сондай-ақ, жаяу жүргіншілер рұқсат етілмеген жерлерде жолды кесіп өтеді. Осы факторларды біріктіретін болсақ, жалпы жол қозғалысы жағдайына кері әсер етуде", – дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаров.
Айта кететіні Алматыда 8 ақпан таңғы уақытта бірден екі ірі жол-көлік оқиғасы орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, онда 20-дан астам көлік соқтығысқан.
Куәгерлердің айтуынша, 20-ға жуық көліктің қатысуымен жол апаты Жароков көшесі мен Әл-Фараби даңғылының маңында болған.
Құралай Құдайберген