9 қыркүйекте Алматы қаласындағы "Достық үйі" ғимаратында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" әзірленген заң жобасын талқылау бойынша қоғамдық пікір көшбасшыларымен және ғылыми-сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен дөңгелек үстел өтті.
Аталған іс-шараға ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Б.С.Арын, министрліктің Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Е.Ә. Оңғарбаев, Азаматтық қоғам істер комитетінің төрағасы Ә.Қ.Ғалимова, сонымен қатар танымал ғалымдар, дінтанушылар, теологтар, заңгерлер, блогерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болып табылатын А.Бижанов, Ә.Дербісәлі, Н.Байтенова, Е.Бурова, Н.Сейдахметова, Е.Дүйсенов, Р.Подопригора, А.Әбуов, Б.Сатершинов, А.Сабдин, Е.Шохаев, А.Сарым, Р.Жұмалы, М.Телібеков, И. Қуанышқызы және тағы басқа да сарапшылар мен қоғамдық пікір жетекшілері қатысты.
"Біз заң жобасының жұмысына мемлекеттік органдармен қатар қоғамның да белсенді араласуына мүдделіміз. Біз үшін азаматтық қоғамның барлық өкілдерімен ашық сұхбат жүргізу маңызды" - деп атап өтті вице-министр Берік Арын өз сөзінде.
Заң жобасын презентациялаған Оңғарбаев Еркін Әнуарұлы қатысушыларды заң жобасына енгізіліп отырған өзгерістермен және толықтырулармен жан-жақты таныстырып өтті.
Жалпы, заң жобасын дайындау барысында мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығы мен азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері барынша ескерілді. Қолданыстағы заңнамаларға жаңа нормаларды енгізу барысында халықаралық тәжірибеге баса назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар дін саласындағы заңнаманы жетілдірудің және аталған құжатты қабылдаудың қажеттілігіне жалпы қолдау көрсете отырып, заңнама жобасына қатысты өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді.
Шараны тұжырымдаған вице-министр Б. Арын кездесуге қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бүгінгі айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулердің мұқият зерттеленетіндігін және қарастырылатындығын атап өтті.