Куәгерлердің айтуынша, оқиға Алматыдағы Гоголь мен Масанчи көшелерінің қиылысында болған.
Ақпаратты Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі растады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылғы 4 қазанда 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз 3-қабаттан секіріп кеткен.
Ол Алматы шұғыл медициналық жәрдем ауруханасына жеткізіліп, қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
– Дәрігерлер оған "бейімделу бұзылысы" диагнозын қойды. Сарбаз әскерге шақырылмас бұрын жақын туысынан айырылған және әскери-дәрігерлік комиссияның шешімін күтіп жүрген. Комиссия оның әскери қызметті жалғастыруға жарамдылығын анықтауға тиіс болған, – делінген ресми жауапта.
Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі сонымен бірге бейнебақылау камераларының жазбаларынан оқиғаға өзге адамдардың қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Қазір қызметтік тексеріс тағайындалып, мән-жай анықталып жатыр.