Алматыда сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау басталды

1913

Жоба жұмыс істейтін жастарға негізделген. 

Алматыда сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау басталды

15 қарашада "Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды. Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров онлайн брифинг барысында бағдарламаға қатысу шарттарын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бағдарлама аясында тұрғын үй тек 5 жылға беріледі, оны 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар ғана алады. Осы уақыт ішінде жеке тұрғын үй сатып алуға немесе бастапқы жарнаға қаржы жинақтау ұсынылады. Тұрғын үй үшін ай сайынғы жалдау ақысы 9-10 мың теңгені құрайды. 
 
“Өтінімді балалары бар отбасылық жұптар да бере алады. Бұл ретте кемінде соңғы екі жылда Алматы қаласында тұрақты тіркеу талап етіледі. Сондай-ақ үміткерлерде ел аумағында соңғы 2 жылда тұрғын үйі болмауы тиіс. Олардың ай сайынғы жалақысы жұмыстың соңғы 6 айында 40 АЕК-тен (116 680 теңге) жоғары болуы шарт”, – деді Ермек Әміров.

Бұл ретте бағдарламаға қатысатын үміткерлерге мамандықтары бойынша талаптар жоқ, бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлерден басқалары да өтінім бере алады. 

Ең алдымен, өтініш берушілер ЭЦҚ кілтін алуы қажет, анықтамаларды өтінім берген сәтте ұсыну керек. Құжаттар тізімін almaty-jastary.info сайтынан табуға болады. Өтінімдерді қабылдау да осы жүйе арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды тапсырғандар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Қабылдау биылғы жылдың 20 қарашасында 23:59-да аяқталады. Бүкіл процесс автоматтандырылған және тек сайтта жүреді, сондықтан көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеген жөн. 

Еске сала кетсек, "Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен 2019 жылы бекітіліп, сол кезде 1 050 жас жалдамалы пәтер алды. 2020 жылы тағы 350 адам қоныстанды, жыл соңына дейін әкімдік Наурызбай ауданының "Алма Сити-5" және Алатау ауданының "Мәдениет" жаңа тұрғын үй кешендерінде 1 050 бір бөлмелі пәтерді жалға береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу