Әлеуметтік желіде дәмхананың жазғы террассасына ағаш құлаған кадрлар тарап жатыр. Келушілер санаулы секундта қашып үлгерді.
Роликтің сипаттамасында оқыс оқиғаның Орталық мәдениет және демалыс саябағында болғаны, ешкімнің зардап шекпегені айтылған.
"Мамандар саябақ аумағын тексеріп, ағаш бұтағының құлағанын анықтады, зардап шеккендер жоқ. Ағаш "Алтын Тараз" ЖШС-не қарасты кафеге іргелес аумақта өседі. Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстау және қорғау ережесіне сәйкес меншік иесі күтіп-баптау жұмыстарын, оның ішінде іргелес аумақта өсіп тұрған ағаштарды санитарлық кесуді жүргізуі тиіс. Басқарма аумақтың иесіне санитарлық кесу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жолдады", - деп түсіндірді Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінде.
Еске сала кетсек, 25 мамырда Алматыда басқа мейрамхананың жазғы алаңына алып ағаш құлаған болатын.