Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуде айтты.
Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 млдр жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.
"Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала "орташа табыс тұзағына" түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен "Алатау" инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет", – деді Президент.