Онлайн өткен баспасөз конференциясында қаланың Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавируспен сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуіне байланысты шектеу іс-шараларын жоспарлы түрде жеңілдету басталғанын атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Алматының бас санитарлық дәрігері инфекцияның төмендеу динамикасына қарамастан, санитар дәрігерлер мен эпидемиологтардың шектеу шараларын сақтау жөніндегі ұсыныстарын естен шығармау керектігін атап өтті. Шектеу шаралары ұжымдық иммунитет толық қалыптасқанша сақталуға тиіс.
“Дерттің төмендеу қарқыны сақталған жағдайда айдың соңында тәулігіне 300-ден аз жағдай болады деп болжануда. Тиісінше, апталық сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда бір апта бұрынғы 121,6 жағдайдан 113,9 жағдайға дейін төмендеді”, – деді спикер.
Оның пікірінше, аурудың тұрақтануына халықты вакцинациялау себеп болды.
“Сонымен қатар инфекция жағдайларының төмендеуіне науқастары мен байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруын шектеуге тыйым салу ықпал етті. Инфекцияның таралуын азайтуға Ashyq жобасының жұмысы және үй карантинін бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар, вакциналанбаған немесе ПТР-сыз қызметкерлердің күндіз жұмыс жасауына тыйым салу әсер етті. Сондықтан Ashyq жүйесі “жасыл”, “сары” аймақта да жұмыс істейді. Тіпті, сырқаттану деңгей төмендегенде де біз бұл қосымшадан бас тартпаймыз”, – деді спикер.
Бұған қоса Жандарбек Бекшин қаладағы ішкі көші-қон жағдайында вакциналанбаған тұрғындардың деңгейі әлі де жоғары екенін атап өтті.
“Азаматтар шектеу шараларын бұзуды жалғастыруда, бетперде тақпайды, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, сондай-ақ жекелеген кәсіпкерлер Ashyq жүйесінің талаптарын формальды түрде сақтайды”, – деді Алматының бас санитарлық дәрігері.
Құралай Құдайберген