Бұл туралы Алматы қалалық Мәслихатының кезектен тыс XХХII сессиясында әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы баяндама жасаған әкім орынбасарының айтуынша, қалада 269 қонақ үй бар. Оның ішінде 8-і бес жұлдызды, 17-і төрт жұлдызды, 6-ы үш жұлдызды. 238 қонақ үй ешқандай санатқа кірмейді.
Қонақүйлерде тұрудың тәуліктік орташа бағасы - 28 280 теңге.
Оның ішінде:
- 5* – 58 440 теңге;
- 4* – 27 569 теңге;
- 3* – 14 522 теңге:
- санатсыз – 16 592 теңге.
Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, 2021 жылдың 6 айында Алматыға 54 мың, 2022 жылдың 6 айында 151 мың турист келген. Бір жылда шетелдік келушілер саны 2,8 есе, 179% немесе 97 мың адамға ұлғайған.
Қала әкімінің орынбасары: "Биыл туристерден түсетін жарна көлемі 2 млрд. 342 млн. теңгені құрауы мүмкін. Бұл қаражат жергілікті бюджетке туризмді дамыту үшін бағытталады", - деді.
Отырыс қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары жарна көлемін бекітті.
Айта кетейік, енді Қазақстанда шетелдік туристерден 5% көлемінде туристік жарна алынады.