Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қала аумағы мен тауға жақын жерлерде орналасқан 44 су қоймасының 9-ы суға түсуге қауіпті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар:
- "Шаңырақ" ықшам ауданындағы Үлкен Алматы өзені – Алатау ауданы;
- "Дархан" ықшам ауданындағы Үлкен Алматы өзені – Алатау ауданы;
- Әл-Фараби мен Навои көшелері маңындағы Үлкен Алматы өзені - Бостандық ауданы;
- "Кемел" ықшамауданындағы "Первомайские пруды" – Жетісу ауданы;
- Кіші Алматы өзені (Бутаковкаға бұрыла бергенде) – Медеу ауданы;
- Юннатское өзені – Медеу ауданы;
- "Қарасу" ықшам ауданындағы тоған - Алатау ауданы;
- Аэропортовское өзені – Түрксіб ауданы;
- Қарасу жақтағы өзен (Шестуха) – Түрксіб ауданы.
"Төрт жерде – Сайран көлінің батыс және шығыс жағында, "Гүлдер" демалыс орны мен "Баум" бағының аумағындағы жағажайда ғана суға түсуге рұқсат. Бірақ, қазір бұл су қоймалары суға тола қоймаған. Сайран көлінде былтырдан бері жағалауды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы өзені гидротехникалық құрылымдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр", – деп мәлімдеді Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуаныш Оспанов.
Былтырдан бері қауіпті су қоймаларына камералар қойылып, оларды судан құтқару қызметінің мамандары компьютер арқылы бақылап отырады. Камерадағы бейнелерді құтқарушылар смартфоннан да көре алады.
Жалпы былтыр суға түсудің ережесін өрескел бұзған 40 адам әкімшілік жауапқа тартылған.