Алматыда қаланың Бас жоспарына стратегиялық экологиялық бағалау аясында түзетулер енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі – халық санының өсуі мен тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуын ескере отырып, сумен жабдықтау жүйесін жетілдіру.
Жоспарға сәйкес, сумен жабдықтау жүйесін дамыту 2040 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Әсіресе, Наурызбай ауданы мен Бостандық ауданының кейбір бөліктеріндегі ауыз су мәселесін шешуге басымдық беріледі.
Осы мақсатта жаңа су тарту нысандары мен сүзгі станцияларын салу, қолданыстағы су көздерінің қуатын арттыру және инженерлік желілерді жаңғырту көзделген. Сонымен қатар, саланы цифрландыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және электр көлігіне арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қарастырылып жатыр.