Оңтүстік астанада суару (ирригациялық) жүйелерін шығаратын зауыт ашылады. Өндіріс орнын салуға арналған жер телімі шаһардың индустриалды аймағынан бөлінбек.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 50 млн доллар. Бүгін аталған жобаны жүзеге асыру бойынша мегаполис басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Valmont Industries копаниясының жаһандық операциялар бойынша вице-президенті Роберт Гиллен кездесті.
"Аталған компанияның индустриалды аймақта орналасуы Алматының инвестициялық тартымдылығының айқын дәлелі болмақ. Бұл инновациялық жобаларға қаржы салғысы келетін өзге де халықаралық компаниялар үшін үлгі",– деді шаһар басшысы.
Жалпы Valmont Industries әлемде ирригациялық жүйелер шығаратын ірі компаниялардың бірі. Ал оның дәл Алматыда зауыт салуы да бекер емес.
"Мегаполис логистикалық жағынан және инвестициялық мүмкіндіктер жағынан да ыңғайлы болды",– деді Роберт Гиллен.
Бүгінде Алматының индустриалды аймағында 43 жоба жүзеге асырылуда. Оның 9-ы шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынуда. Жобаларға құйылған инвестицияның жалпы сомасы 181 млрд теңге. Нәтижесінде 6,7 мың жұмыс орны ашылмақ.
Бұдан бөлек осы уақытқа дейін аталған аймақта 8 кәсіпорын іске қосылды. Оларға 26,6 млрд теңге қаржы құйылған. Биылғы жылы 1369 адамды жұмыспен қамтитын тағы 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Құралай Құдайберген