Кәсіби шеберліктері, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен құқық тәртібі жолында қызметі үшін Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің инспекторлары Құдайберген Тоғжанов пен Санжар Әбдірайымов "Қазақстан полициясына 30 жыл" мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
Полиция қызметкерлеріне марапатты Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров табыс етті.
Еске сала кетсек, жақында "Боран-317" экипажының патрульдік полицейлері өз-өзіне қол салмақ болған алматылық азаматты аман алып қалған болатын.
"Сағат 19:00 шамасында бізге Сүйінбай даңғылының бойындағы жаяу жүргіншілер көпірінен белгісіз ер адам секірейін деп тұрғаны туралы қоңырау келіп түсті. Біз оқиға орнына үш минутта жеттік. Әріптесімен бірге ер адамды мұндай әрекетке бармауға көндіре бастадық", – деді ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің қызметкері Тоғжанов Құдайберген.
Ол полицияның сұрақтарына жауап бермеген.
"Біз оның назарын аударып, сөйлесіп, оны қоршаудың арғы жағынан шығару үшін жәймендеп жақындадық. Сол кезде біздің басқа әріптестеріміз төменде, жолдың бойында болып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Олар ер адам секіріп кеткен жағдайда ауыр жарақат алмас үшін жүк көлігін көпірдің астына әкеліп қойды. Бір кезде біз оны ұстап үлгердікте, қауіпсіз жерге алып шықтық", – деді Санжар Әбдірайымов.