Алматыда мемлекеттік қордың жерінде орналасқан рұқсатсыз салынған сауда орындары мен стационарлық емес сауда нысандарын бұзу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айта кету керек, қызмет түріне қарамастан, барлық заңсыз сауда нысаны бұзылып жатыр. Әсіресе, көше тағамдарын сататын орындар ерекше назарға алынды.
– Заңсыз дүңгіршектер көбінесе арықтардың үстіне қойылады, санитарлық норма сақталмаған, дәретхана жоқ. Олар мектептердің, балалар жүретін орындардың жанында орналасқан. Кейін тамақтан улануы мүмкін , - дейді қала тұрғыны Евгений Богачев.
Қаланың мәслихат депутаты, көріктендіру мәселелерімен белсенді айналысып жүрген Тимур Елеусізов бұзылған сауда орындарының барлығы электр желілеріне заңсыз қосылғанын, бұл қаланың инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіретінін атап өтті.
Осыған дейін мегаполисте 21 заңсыз орнатылған дүңгіршек бұзылғаны туралы жазған едік.
Айта кетейік, қалада 157 стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруға арналған 142 орын бекітілген.