Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы басталды

671

"Қалқаман" метро станциясын 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.   

Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы басталды Фото: gov.kz

Бұл туралы мәслихат отырысында қалалық Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, биыл "Қалқаман" станциясынан "Барлық" станциясына дейінгі метро желісінің құрылысын бастау жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ метрополитенді одан әрі кеңейту мақсатында "Жібек жолы" станциясынан әуежайға дейін созылатын екінші желінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланған. Қалалық бюджетті нақтылау кезінде жол инфрақұрылымын дамытуға да қосымша қаражат қарастырылған.

Атап айтқанда, Рысқұлов даңғылын қала шекарасына дейін жалғастыру, Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін ұзарту және Райымбек даңғылын Шығыс айналма автомобиль жолына дейін жеткізу жұмыстары жалғасады.

Жыл соңына дейін Ақжар және Теректі шағынаудандарындағы жол құрылысы да аяқталуы тиіс. Ал "Батыс қақпа" полицентрінде жолдар мен инженерлік коммуникациялар салу жалғасады.

Бұдан бөлек, қоғамдық көлікті, оның ішінде автобус тасымалдары мен метрополитенді субсидиялауға қосымша қаржы бөлінеді. Бауыржан Құдайбергеновтің сөзінше, бюджетке енгізілетін нақтылаулар ең алдымен қала үшін өзекті мәселелерді шешуге және басталған жобаларды аяқтауға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу