Алматыда тағы 2 кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді

109

Бүгінде Алматыда 30 қалалық кітапхана жұмыс істейді.

Алматыда тағы 2 кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді Фото: Алматы әкімдігі

Ақпан айынан бастап тағы екі қалалық кітапхана – Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы және Бостандық ауданындағы Алматы кітапханаларының филиалы 24/7 режимінде қызмет көрсетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, бұған дейін қалада үш кітапхана тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшкен еді. Олар Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана. Осылайша, Алматыдағы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар саны бесеу болды.

Алматының 11-шағынауданында, Алтынсарин даңғылы бойындағы №37 үйде орналасқан Қазақстан жазушылары кітапханасы 1962 жылы ашылған және Әуезов ауданындағы жетекші зияткерлік орталықтардың бірі болып есептеледі. 2020 жылы жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін кітапхана кеңістігі заманауи әрі келушілерге қолайлы форматта қайта жабдықталды. Кітапхананың жалпы аумағы – 410 шаршы метр, кітап қоры 40 мыңнан асады, ал жыл сайынғы келушілер саны – 145 мың адам. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындары қарастырылған, электронды оқу залы жұмыс істейді, RFID радиожиілікті сәйкестендіру жүйесі енгізілген және Almaty-library кітапханалық-ақпараттық жүйесі қолжетімді.

Алматы кітапханаларының Розыбакиев көшесі, 247 үй, 7-блок мекенжайында орналасқан филиалы 2025 жылдың соңында ашылды. Кітапхана ғимаратының жалпы аумағы – 503 шаршы метр, қорында шамамен 20 мың кітап бар. Мұнда жоғары жылдамдықтағы интернет пен Wi-Fi желісіне қосылған компьютерлер орнатылған, Almaty-library жүйесіне қосылған, сондай-ақ RFID қақпалары мен өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы бар.

– Кітапханалардың тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшуі қаланың тағы екі аудан тұрғындарына кітапхана қызметін өздеріне ыңғайлы уақытта, соның ішінде кешкі және түнгі мезгілде пайдалануға жол ашты. Бұл өз кезегінде білім алу, өзін-өзі дамыту және мәдени демалыс үшін қосымша жағдай жасайды, – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу