Елімізде пластикалық ота жасайтын клиникаларға тексеріс күшейтілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елімізде 295 ұйым пластикалық хирургия қызметін көрсетуге лицензиясы бар. Олардың ішінде 247-сі – жекеменшік. Соңғы 5 жылда біз 92 жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Әртүрлі бұзушылықтар анықталды, соған сәйкес тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді комитет төрағасы Сенат кулуарында.
Тілшілер Алматыдағы қайғылы оқиғадан кейін клиника тексеріле ме деп сұрады. Бауыржан Жүсіпов тиісті клиника бойынша арнайы комиссия құрылғанын атап өтті. Комиссия құрамында тәуелсіз сарапшылар да бар.
"Бұдан бөлек Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің орталық аппаратынан бір маман Алматыға іссапармен жіберілді. Комиссия бүгіннен бастап ресми түрде тексерісті бастады", – деді комитет төрағасы.
Спикер Батыс Қазақстан облысында жеке клиникада болған қайғылы оқиғаға байланысты да пікір білдірді. Белгілі болғандай, медициналық мекемеге қатысты тексеріс аяқталып, материалдар тиісті құқық қорғау органдарына берілген.
Айта кету керек, бұған дейін депутат пластикалық ота жасайтын клиникаларды тексеруді талап еткенін жазғанбыз. Алматыда пластикалық отадан кейін танымал блогер көз жұмды.