Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл бастама аясында адамдар танымал тұлғалар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері өмір сүріп, еңбек еткен орындарды аралап, олардың ескерткіштері мен мемориалдарын, жерленген жерлерін, тарихи көшелер мен нысандарды оңай таба алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2GIS сервисіне барлық нысан туралы ақпарат үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде енгізілген.
Жоба аясында Алматының Орталық зираты, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 зираттары алғаш рет сандық форматта ұсынылып отыр. Бұл жерлерде Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Күләш Байсейітова, Ахмет Жұбанов, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Шәкен Айманов сынды тарихи тұлғалар жерленген.
Қазіргі таңда Алматының Орталық зиратында – 115, Кеңсай-1-де – 159, ал Кеңсай-2-де – 109 тұлғаның бейіті картаға енгізілді. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері де бар: Орталық зиратта – 8, Кеңсай-1-де – 16, Кеңсай-2-де – 5 ардагер жерленген. Сондай-ақ қалада 160-қа жуық ескерткіш бар, оның 48-і – көрнекті тұлғаларға арналған.
Жобаның жүзеге асуына Мәдениет басқармасының өкілдерімен қатар, әдебиет сыншысы, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай, жазушы-драматург Әлібек Байбол, журналист, алаштанушы Ұшқын Сәйдірахман, зерттеуші Занғар Кәрімхан және музейлер бірлестігінің қызметкерлері атсалысқан.