Алматыда тауар өндіру көлемі артып келеді

Кәсіпорындарға берілген тауардың шығу түбін растайтын сертификат саны 2 есеге өскен,  

Алматыда тауар өндіру көлемі артып келеді Фото: 7kun.kz

2022 жылы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындарға 1457 сертификат берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2021 жылы мұндай сертификаттар саны - 772, 2020 жылы – 470 болған еді. Байқағанымыздай көрсеткіш соңғы 1 жылда ғана 2 есеге өскен.

Тауардың шығу түбін сертификаттау бөлімінің сарапшысы Сәуле Нұрбекованың айтуынша, 2022 жылы Алматы кәсіпкерлер палатасы 11 815 экспорттық сертификат берген. 2021 жылы берілген сертификат саны - 9 827, 2020 жылы – 5 967 болды.

Айта кетейік, бұл маңызды құжат 3 жылға тегін беріледі. Алайда кәсіпорын оны жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс.

Сондай-ақ, өңірлік кәсіпкерлер палатасы өткен жылы 68 индустриялық сертификат берген.

"Сарапшылар кәсіпорындарды база, жабдық, технологияның болуына, сондай-ақ өндірістің мәлімделген қуатының сәйкестігіне тексереді. Егер өндіріс барлық талапқа сай болса, индустриялық сертификат ешқандай кедергісіз беріледі. Индустриялық сертификатты қалыптастыру қағидалары бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп әзірленді, өндірушіні тізілімге енгізу өтеусіз және ерікті түрде жүзеге асырылады. Қазір Қазақстанда шетелдік компаниялардың өндірісін релокациялау процесі жүріп жатыр. Осыған байланысты тауарларды сертификаттау бойынша жұмыстар ұлғайтылып, сертификаттар беру бойынша бақылау күшейтіледі", – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов. 

Айта кетейік, Индустриялық сертификат – кәсіпорынның отандық өндіруші екенін растайтын құжат. "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы" Заңының 12 және 14-баптарының ережелеріне сәйкес ҚР ҰКП тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімін қалыптастырады және жүргізеді, тауардың шығу түбі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру, оның қолданысының күшін жою шараларын сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу