Алматыдағы тәртіп сақшылары, әскерилер мен күзет қызметін отандық өніммен қамтамасыз ететін кәсіпорындағы 50-ден аса тігіншінің жалақысы жаңа жылдан бастап көбейетін болды, деп хабарлайды 24.kz.
Жаңа жылдан бастап қызметкерлердің табысы 30 пайызға артып, орташа есеппен 200 мың теңге болады.
Ішкі нарықта 18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның өнімдері енді бір дүкенге жинақталды. Осыған дейін отандық әскери киімдер қаланың әр жеріндегі дүкендерде сатылып келген. Бұдан былай құқық қорғаушылар арнайы форманы бір жерден ғана сатып ала алады.
"Жаңа жылдан бастап жұмысшыларымыздың айлығын 30 пайызға көбейтпекпіз. Енді біз ойлаймыз, лайықты жалақы алған әрбір жұмысшы өз кәсібін сүйіп істейді. Өз кәсібін сүйгеннен кейін дұрыс өнім шығарады. Дұрыс өнім болған соң сұранысқа ие болады", - дейді әскери киімдер тігетін кәсіпорын басшысы Тоқтар Ботабай.