Алматыда "Алатау" сауықтыру кешені маңында жеке иеліктегі "Еврокоптер-130" маркалы тікұшақ апатқа ұшырады. Ұшқыш ауруханаға жетпей, жолда көз жұмды, деп хабарлайды ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі.
"Алматыдағы Наурызбай ауданына қарасты Таусамалы ықшам ауданында 17 қаңтар күні сағат 16:05 шамасында ұшақ апатқа ұшырады. "Алатау" сауықтыру кешенінің ашық аумағына құлаған Sky Service компаниясына тиесілі "Еврокоптер-130" маркалы тікұшақ құлағаннан кейін өртенбеген", – делінген хабарламада.
Ұшақ бортында 1968 жылы туған ұшқыш – Шитов Валентин Викторович болған. Ол жедел жәрдем келгенге дейін тірі болды, әйткенмен дәрігерлер оның өміріне араша бола алмады, ауруханаға барар жолда көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ Боралдайдан Үлкен Алматы көліне бағыт алған екен.