Алматы қаласында тұрғын үй кешендерінің бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде екі электрикті ток соқты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желіде "Жастар" тұрғын үй кешенінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан екі электрикті ток соққаны туралы ақпарат тарады. Куәгерлердің сөзінше, зардап шеккендердің бірі есінен танып қалған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адамдарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
"22 мамыр күні сағат 13:05-те Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөліміне электр жарақатын алған екі ер адам жеткізілді. Екі науқасқа да ІІ–ІІІ дәрежелі көптеген күйік диагнозы қойылды. Пациенттер анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Қазір оларға барлық қажетті қарқынды терапия шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Полиция осы дерек бойынша тергеу амалдарын бастады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.