Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба қаланың орталық бөлігінде – Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке, Абай даңғылынан солтүстікке, Желтоқсан көшесінен шығысқа және Достық даңғылынан батысқа дейінгі аумақта жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық жобаның операторы – "Алматы Паркинг" МКК.
Қазіргі кезеңде жүйе сынақ режимінде жұмыс істейді. Сондықтан жүргізушілер үшін қозғалысқа ешқандай шектеу, айыппұл немесе кіру ақысы қарастырылмаған.
Жобаның негізгі мақсаты – цифрлық инфрақұрылымды сынақтан өткізу және көлік ағынының ауа сапасына әсері бойынша деректер жинау.
Сынақ барысында "ақылды" камералар мен сенсорлардың жұмысын тексеру, көлік ағыны мен ауа сапасы көрсеткіштерін салыстыру, сондай-ақ деректер алмасу жүйесін жетілдіру жоспарланған. Бұл алдағы уақытта қалалық мобильділікті тиімді басқаруға және "ақылды қала" тұжырымдамасын дамытуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, пилоттық жоба шектеу енгізуге емес, ең алдымен технологиялардың тиімділігін бағалауға бағытталған.
Сынақ кезеңі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында аумақта көлік қозғалысы қалыпты режимде сақталады.