Алматыда көпқабатты үйде газ жарылып, 3 адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Первомайка ауылындағы Постышев, 64 "В" мекенжайында барак типтес 3 қабатты үйде жарылыс болды. Онда жалдамалы пәтерлерде 12 отбасы тұрып жатқан.
Оқиға орнына жеткен апаттық-диспетчерлік қызметтің хабарлауынша, жарылыс бірінші қабаттағы №3 пәтерде болған. Қатты дүмпу үйдегі есік-терезені, ішкі қабырғаларды қиратқан.
Мамандардың тексеруінен соң, үйдегі газ қазандығы қирамағаны анықталды. Ал қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, жедел жәрдем бригадасы №4 ауруханаға 3 пациентті жеткізді.
Үшеуі да қазір жансақтау бөлімінде жатыр. "36 жастағы ер адамның денесін 100 % күйік (3-дәрежелі) шалған. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқастың жағдайы өте ауыр. 19 жастағы қыздың денесінің 85 %-ын күйік (3-дәрежелі) шалған. Жағдайы өте ауыр. 23 жастағы жігіттің беті, аяқ-қолдары күйген (1-дәрежелі). Денесінің 22 %-ы зақымданған. Бұл пациенттің де жағдайы өте ауыр",– деді басқарманың баспасөз қызметінен.