Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, деп жазды inbusiness.kz.
Бұл ретте спикер 2022 жылғы 14 шілдеде Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы болып өзгертілгенін еске салды.
Данияр Қырықбаевтың хабарлауынша, бүгінде Алматы қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде 37 236 азамат тұр. Оның ішінде: көпбалалылар – 4 905, жетімдер – 2 210, халықтың әлеуметтік осал топтары – 16 999, бюджет қызметкерлері – 13 122.
"7 айдың қорытындысы бойынша 2 623 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биылғы жылдың соңына дейін 5 532 пәтер беру жоспарланып отыр. Оның ішінде: 1 451 – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және 4 081 – несиелік тұрғын үй. Атап өтсем, жыл басынан бері 325 тұрғын үй сертификаты берілді", – деді Данияр Қырықбаев.
Тұрғын үй бөлу туралы айта келе, спикер қаланы абаттандыру мәселесіне тоқталды.
Айта кетерлігі, қаладағы қызмет көрсетілетін жолдардың жалпы ауданы 25 млн шаршы метрден асады. Алматының 2 318 көшесінде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Қалада бұл жөндеу жұмыстарын 14 мердігер ұйым жүргізеді.
Күн сайын қала көшелерінен 1 413 жол жұмысшысы және 1 087 бірлік арнайы техника күшімен 90 тоннадан астам қоқыс шығарылады.
Құралай Құдайберген