Алматыда тұрғын үйлердің жер сілкінісіне төзімділігі тексеріліп жатыр

457

Бұл туралы "ҚазҚСҒЗИ" АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров айтты. 

Алматыда тұрғын үйлердің жер сілкінісіне төзімділігі тексеріліп жатыр Фото: ҚазҚСҒЗИ

Қазақстан зілзалаға төтеп беретін құрылыс нормалары бойынша ТМД елдерінде алдыңғы қатарда. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты арнайы құрылғы арқылы ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне тексеру жүргізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Казинформ агенттігіне сілтеме жасап.

Айтуынша, 2019 жылы ТМД елдерінде сейсмикаға төзімді құрылысты дамыту мәселесін шешу үшін негізгі алаң ретінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты таңдап алынған. 

— Себебі, зілзалаға төтеп беретін құрылыс нормалары бойынша Қазақстан ТМД елдерінде алдыңғы қатарда. Өйткені, ҚазҚСҒЗИ ғана ғимараттарды сынақтан өткізе алады. Мұндай құрылғы Кеңес дәуірінен бері бізде сақталған. Ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін арнайы діріл машинасы арқылы тексереміз. Бізде сондай төрт кешенді құрылғы бар, — дейді ол.

Жақында Алматының сейсмикалық қаупі басым аумағында орналасқан көпқабатты тұрғын үйге күші 9 балдық жасанды жер сілкінісін жасап, нысанның сапасын бағалаған.

— 14 қабатты үйдің шатырына орнатылған арнайы құрылғы нағыз жер сілкінісі кезінде болатын дірілді тудырып, ғимараттың қаңқасындағы өзгерістерді тіркеп отырды. Бұл деректер негізінде ғимараттың сейсмикалық төзімділік талаптарына қаншалықты сәйкес келетіні анықталады. 2002 жылдан бері Қазақстан бойынша елуге жуық ғимаратты сынақтан өткіздік, оның басым бөлігі Алматыда, — дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу