Алматыда тұрғындармен кері байланысты жақсарту және азаматтардың өтінішін жедел қарау шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мәселе қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды. Жиында қалалық қызметтердің тиімділігін арттыру, Бірыңғай 109 байланыс орталығының жұмысы, тұрғындардың өтінішін заңнамада белгіленген мерзімде қарау және халықпен кері байланысты жақсарту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар аудан әкімдіктері мен қалалық басқармалардың өзара үйлесімді жұмысына назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды тұрғындардың өтінішін уақытылы орындауды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ көтерілген мәселелерді жедел шешу, мемлекеттік қызмет сапасына басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру және атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарды дер кезінде хабардар ету міндеттелді.