Жаңа гидте қала қонақтары үшін 140-тан астам тамақтану орны мен гастрономиялық бағыт қамтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, туристер арасында гастрономияның танымалдығы артып келе жатқанына қарамастан, шаһарда гастрономиялық бағытта қызмет көрсететін гидтер жоқтың қасы. Осыған байланысты Almaty Tourism бюросы арнайы гастрономиялық гид әзірлеген.
Гид бірнеше тақырыптық бағытты қамтиды. Атап айтқанда:
- "Классикалық тур" – Алматының тарихын тағамдар арқылы таныстырады.
- "Дәстүрлі гид" – қазақ ұлттық тағамдарына танып-білуге мүмкіндік береді.
- "Мультимәдени гид" – ас мәзірі арқылы еліміздің мәдени алуан түрлілігін көрсетеді.
- "Тау мен гастрономия" – белсенді демалыста татып көруге тұрарлық дәм топтасын ұсынады.
Сонымен қатар "Инстаграмбл-маршрут" көркем локацияларды, ал Art& Eat өнерге бағытталған орындарды таныстырады. Жоба үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалған. Гидтің баспа нұсқасы туристерге таратылмақ, ал ағылшын тіліндегі нұсқасы шекаралық бақылау пункттерінде және туристік ақпараттық орталықтарда қолжетімді болады.