Алматыда Ұлы Отан соғысының 21 ардагері тұрады

214

Соғыс жылдары майданға 1,2 миллион қазақстандық аттанған.  

Алматыда Ұлы Отан соғысының 21 ардагері тұрады Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта негізгі мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен Мәңгілік алауға гүл қою рәсімі ұйымдастырылды.

Жиналғандар соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін қала әкімі, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен олардың туыстары, әскерилер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Ерболат Досаев майдангерлерді мерекемен құттықтап, шайқас алаңдарында да, еңбек майданында да көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірді.

28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін дала асханасы ұйымдастырылып, қазақстандық артистер соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі жылдағы әндерді орындаған мерекелік концерт өтті.

Жеңіс күні қалада Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов, С.Нұрмағамбетов, С.Луганский, А.Шәріпов ескерткіштеріне, сондай-ақ, "Отан ұлдарына мәңгілік тағзым", "Белгісіз жауынгердің моласы", "Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ" мемориалдарына гүл шоқтарын қою рәсімдері де ұйымдастырылды.

Соғыс жылдары майданға 1,2 миллион қазақстандық аттанған. Қазақстаннан 100 мыңнан астам жауынгер орден-медальдармен марапатталса, 500-ден аса адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Оңтүстік мегаполисте Ұлы Отан соғысының 21 ардагері тұрады. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қаланың барлық 8 ауданында ардагерлер аллеясы ашылды. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында биіктігі 6 метр болатын 29 атаулы жөке ағашы отырғызылды. Жалпы аллеяларда 200 жөке ағашы егілді.

Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыда ауқымды мерекелік іс-шаралар 2-3 күнге жалғасады.

  • Бүгін кешкі сағат 19:00-де Көктөбе телемұнарасында Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақстандық батырлардың есімі жазылған мультимедиялық құттықтау көрсетіледі. Бұл - қазақ батырларына деген құрмет.  
  • Одан кейін түнгі сағат 21:00-де Абай алаңында 500-ден астам дрон қатысатын ерекше жарық шоуы болады.
  • Ашық аспан астында Жеңіс әндері 10 және 11 мамыр күндері де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында шырқалады.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу